6 млн теңге сыйақы мен грантты өтеуден босату: Зайытов оқушыларға қатысты жаңалық айтты

0

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов білім беру саласындағы бірқатар жаңашылдықтар туралы айтып, халықаралық және ғылыми олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтеріне сыйақы тағайындау заң жүзінде бекітіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғылыми жобалар мен халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанған оқушыларға және оларға тәлім берген ұстаздарға сыйақы беру заңмен бекітілуде. Оқушыға – 5 миллион теңгеге дейін, мұғалімге – 500 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған, – деді депутат.

Зайытовтың айтуынша, білім беру мекемелеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік те басты назарда. Өткен жылы бірнеше өңірде санитарлық талаптардың бұзылғаны тіркелген. Осыған байланысты бақылау күшейтілмек.

Депутаттың сөзінше, мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі де реформаланбақ. Бұдан былай гранттар жоғары оқу орындарының ректорларына емес, оқу орындарының рейтингісіне қарай бөлінеді.

Бұрын ректордың ықпалы маңызды болса, енді оқу орындарының академиялық және ғылыми көрсеткіштері негізінде грант үлестіріледі. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам, – деді Зайытов.

Рейтингтерді бақылау және бағалау жұмыстарын уәкілетті орган жүргізетін болады. Рейтингі жоғары университеттерге көбірек мемлекеттік тапсырыс беру қарастырылады.

Сонымен қатар Ринат Зайытов әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдау шараларын да атап өтті. Оның айтуынша, келесі санаттағы азаматтар білім грантын өтеуден босатылады:

  • Бірінші топтағы мүгедектер;
  • Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;
  • Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аталған заң жобасының негізгі жаңалықтарын тізбектеп көрсеткен еді.


ПІКІР ЖАЗУ