Депутат мұғалім мен оқушыға қатысты 5 өзгеріс енгізуді ұсынды

0

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа білім саласына қатысты бірқатар маңызды ұсыныс жолдады. Ол өз депутаттық сауалында мектепке дейінгі және жалпы білім беру жүйесіндегі мәселелерге тоқталып, оны жетілдіру бойынша нақты бастамаларды көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1. «Әліппе» мен «Ана тілі» бастауышта негізгі пән болып қалуы тиіс

Депутат бастауыш сыныптарда – әсіресе 1–4 сыныптарда – «Әліппе», «Ана тілі» және математика пәндерін негізгі етіп қалдыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл баланың физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес келеді және білім беру мазмұны сарапшылармен бірлесе отырып қайта қаралуы керек.

2016 жылғы білім стандартында балабақшада әріп тану, буынға бөліп оқу талап етілген. Бұл талапты қайта қарап, әріпті, буынды үйрену процесін 1-сыныпта толық қалыптастыру қажет, – деді Балабиев.

2. Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар мен пәндік тереңдетуді жетілдіру

Мектептің жоғары буынында оқушылардың мамандық таңдауына бағытталған білім беру жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл ретте қазақ тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, биология, тарих, құқық және шет тілдерін тереңдетіп оқыту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, депутат оқу жетістіктерін бағалау жүйесін де сынға алды.

Бөлім жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) – формалды сипатта қалып отыр. Бағалау жүйесі оқушының құндылықтары мен жеке даму прогресін ескеретін бағытқа өзгертілуі тиіс, – деді ол.

3. Еңбекке баулу мен бірыңғай мектеп формасы – жүйеленуі керек

Депутат балабақшадан бастап барлық білім беру кезеңіне еңбекке баулу мен шығармашылықты дамытуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, бірыңғай мектеп формасының әлі күнге дейін енгізілмегенін сынға алды.

Әр мектеп өз формасын талап етіп, ата-аналарды қымбат киім алуға мәжбүрлеп отыр. Бұл – әлеуметтік әділетсіздік. Осыған байланысты әлеуметтік қолдау ретінде “әлеуметтік әмиян” жүйесін іске қосып, көмекке мұқтаж отбасыларға автоматты қолдау тетіктерін енгізу қажет, – деді Балабиев.

4. Мұғалімдерді есеп-қисаптан арылтып, оқытуға жағдай жасау керек

Депутат мұғалімдерге жүктелетін бюрократиялық есептерді азайтып, оларды тек оқыту мен тәрбиелеуге бағыттау қажеттігін айтты.

5. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру – нақты тәжірибеге негізделуі тиіс

Қайрат Балабиев мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары формалды емес, нақты практикалық құралдарға негізделген жүйеге көшірілуі тиіс деп санайды.

Бұған дейін талантты оқушыларға 6 млн теңге сыйақы берілетіні жайында жазған едік.


ПІКІР ЖАЗУ