Алматыдағы ЖЭО-2 газға ауысса, ауа қаншалықты тазарады: Құрылыс қалай жүріп жатыр?

0

Алматыдағы Жылу электр орталығы-2 толығымен көмірден табиғи газға 2026 жылғы желтоқсанда ауысады. Президент тапсырмасымен экологиялық жағдайды жақсарту және атмосфераға шығарындыларды азайту үшін жаңа станция салынып жатыр. Қазір құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр? ЖЭО-2 газға ауысса қала ауасы тазара ма? Алматыдағы BAQ.KZ тілішісінің фоторепортажын тамашалаңыздар.

Мегаполистегі жаңа жылу электр орталығы қазіргі жұмыс істеп тұрған станция аймағында салынып жатыр. Құрылыс 2023 жылдың көктемінде басталған.

Жаңа ЖЭО-2 құрылысы 2 кезеңге жоспарланған. Қазір құрылыс алаңына алғашқы турбиналар мен генераторлар жеткізіліп, сыртқы газ инфрақұрлымының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ газ дайындау пункітінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Станцияны салып жатқан шетелдік мердігер компанияның айтуынша, бүгінде жалпы құрылыстың 47%-ы аяқталған.

ЖЭО-2 жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың желтоқстанына аяқтау жоспарланған. Алматы үшін бұл экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруын ғана емес, қазіргі заманғы мегаполистің сын-тегеуріндеріне жауап беретін тұрақты жылумен жабдықтауды білдіреді.

Жоба құны қазіргі таңда 388,9 млрд теңгеге бағаланып отыр. Негізгі 4 қаржы көзі бар. Оның 20%-ына Алматы электр станциясы, қалған 80%-ына қаржы институттары ақша бөледі, оның ішінде ЕҚДБ, ҚДБ және 98 млрд теңге бөлген Азия даму банкі қаржыландырады.

Мамандардың сөзінше, егер ЖЭО-2 толықтай газға ауысса Алматы ауасы 13 есе тазарады. Станцияны жаңғырту өңірдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, Алматы қаласы мен облысын жылумен жабдықтау сенімділігі мен тұрақтылығын арттырады. Станция өңірдің сейсмикасын ескере отырып, 10-балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп салынуда.

Жаңа станция салудың экономикалық та маңызы бар. Мемлекет бюджетіне қосымша салықтан пайда келеді, электр энергиясын өндіру артады. Сондай-ақ атмосфераға ластаушы заттардың төмендеуі арқылы халықтың медициналық жағдайы тұрақталып, бюджеттің денсаулық сақтау шығындарын азайтады, – деді АДБ елдік оперциялар басшысы Әлібек Әбдірахманов.

Жауапты мамандарЖЭО-2 құрылысы аяқталған соң, халықтың жылуға төлейтін төлемі қымбаттайтынын айтты. Олардың сөзінше, бұл таза ауамен тыныстауға сәйкес ақы.


ПІКІР ЖАЗУ