ҰБТ форматы қашан өзгереді? – Министр нақты уақытын айтты

Мәжіліс кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің (ҰБТ) қазіргі форматында 2026 жылға дейін өзгерістер болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өте маңызды мәселе. Біз бұл процесті толық түсінеміз және бірден үлкен өзгерістер болмайды. Бірінші кезең – бес жылдық жоспар. Алғашқы қадамда тест жасаушы ғалымдар халықаралық IT-компаниясында арнайы оқытудан өтеді. Қазіргі таңда Ұлттық тестілеу орталығының директорының орынбасары Нұрсейіт Байжанов мырза осы бағытта Принстон қаласында тағылымдамадан өтіп жатыр, — деді министр.
Ол аталмыш компанияның 80 жылдық тарихы бар әлемдегі ең ірі тест жасаушы ұйым екенін атап өтті. Бұл компания SAT, TOEFL және GRE сияқты негізгі тестілеу жобаларын әзірлеуші болып табылады.
Екінші кезеңде Princeton University негізінде халықаралық стандартқа сай әдістемелер дайындалып, сертификат беріледі. Осы әдістемеге сәйкес біз ақырындап жаңа форматқа көшеміз, — деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, ҰБТ-ның екі басты мақсаты бар: біріншісі – тест сапасын түбегейлі жақсарту.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы ҰБТ ұйымдастырылып келеді, бірақ сапаға қатысты үлкен сын бар. Енді бағалау мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі: бұрынғы қарапайым сұрақ-жауап жүйесінен бас тартып, жасанды интеллектті қолданамыз. Сондай-ақ, тұлғалық қасиеттерді бағалау мүмкіндігі пайда болады, — деді министр.
Екіншісі – ҰБТ-ны халықаралық деңгейге шығару.
Болашақта талапкерлер осы тестілеу сертификатымен шетелдік университеттерге де түсе алады, — деді ол.
Жаңа форматқа көшу кезеңі 2027 жылдан басталады. Алғашқыда пилоттық жоба іске қосылып, талапкерлер ескі және жаңа форматтардың бірін таңдай алады. Жаңа жүйе толық дайын болып, халықаралық мойындауға ие болғанда ғана толық енгізіледі.
Талапкерлер пилоттық форматтың артықшылықтарын көріп, оған сенген кезде ғана біз толық жаңа жүйеге көшеміз, — деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін министр Қазақстанда ҰБТ жүйесі өзгертілетіні жайлы айтқан еді.