«Бұдан басқа амалым қалмады»: Протезге қол жеткізу үшін қазақстандық ару қандай әрекетке барғанын айтып берді.
Қазақстандық Мария Әуезова – екі аяғы жоқ болса да, Эвересттің базалық лагеріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шыққан әлемдегі тұңғыш әйел. Өзін альпинист деп атағанды ұнатпайтын Мария рекорд қоюына не түрткі болғанын айтып берді деп жазады kaz.nur.kz
Мария Әуезованың сөзінше, сегіз жыл бұрын аяғына тропикалық жара шығып, денсаулығы сыр берген. Ол екі жыл бойы дерттен айығудың жолын іздеп, көп елге барып, тексерілген. «Алайда денеме жабысқан дерт әбден асқынып кеткен соң, ампутация жасауға келісуден басқа амалым қалмады. Әлбетте, бастапқыда бұған сенгім келмеді әрі жағдайдың ушығып бара жатқанын көре тұра мұндайға дайын болдым деп айта алмаймын, бірақ менталды тұрғыда бұл қадамға баруға мәжбүр екенімді жақсы түсіндім. Соңында маған көп жақсылық жасаған дәрігерлер аяғым былай тұрсын, өзімді аман алып қалу үшін арпалысты. Бағыма қарай, ота сәтті өтті», — деді Мария. Ол отадан кейін көп салмақ қосқанын, бұған аз қозғалуы себеп болғанын жасырмады. Мария үш жыл үздіксіз жаттығудың нәтижесінде 136 келіден 62 келіге арықтаған. Сол кезде протез киіп жүруді мақсат еттім, дейді ол. Алайда арбаға таңылған алты жыл ішінде түрлі органдарға хат жазып, көмек сұрағанымен, одан нәтиже болмаған. «Сосын бапкерім Вадим өзінді таныту үшін бір үлкен іс жасау керек екенін айтты. Сөйтіп, алдымен Бурабай тауларына шығамыз деп шештік», — дейді Мария. Мария протез жасату үшін бұл әрекеті арқылы көпшіліктің назарын өзіне аудартқысы келгенін жасырмады. «Қалай болғанда да менің мәселеме назар аударту керек болды, әсіресе денсаулық сақтау саласына жауапты адамдардың көңіл бөлгенін қаладым. Сөйтіп, Бурабай жақта орналасқан Жеке батыр, Көкшетау және Бөлектау тауларына шықтым, бірақ сонда да біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық. Сосын ақылдаса келе, Непалға барып, Эверестің базалық лагеріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шығуға бел будық. Жалпы, мен тауға шығудағы басты мақсат протез алу болғанын, бұдан басқа амалым қалмағанын әрдайым айтамын. Бірақ көп журналист мұны жазбай қояды. Ақыр аяғында көпшілік танымал болу үшін шыңға шыққан болар деген ой түйеді. Бұл әсте олай емес. Біз ол жаққа баратынымызды ешкімге айтқан жоқпыз, ешқандай мемлекеттік органнан көмек сұрамадық. Бірнеше демеуші мен дос-туыстарымыздың көмегіне ғана жүгіндік. Ақырында менің шыңға шыққаным ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Сөйтіп, маған журналистер бірінен соң бірі хабарласа бастады. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені журналистердің міндеті – жаңалықты жеткізу. Оның үстіне, біз Қазақстанның көк байрағын өзімізбен бірге алып жүрдік, оны Кала Паттар тауының шыңына шығып, желбіреттік. Бұл – біздің ел үшін үлкен мақтаныш. Сондай-ақ, Кала Паттар тауына екі аяқсыз көтерілу мақтанатындай жайт деп ойлаймын», — дейді ол. Мария Непалдан елге оралған соң, оған Қазақстан ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысу мүмкіндігі туған. «Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз оқиғамды баяндап, жағдайымды түсіндіріп айтқан едім, ол протез алуға толығымен көмектесетінін айтып, уәде берді. Сөйтіп, ол кісі берген уәдесін орындады. Осы ретте Елбасының көмегі көп тигенін айта кеткен жөн. Жалпы, маған аяққа жасалатын отаның ең күрделісі – қос тізеден төмен ампутация жасалды. Тиісінше маған бионикалық әрі құны қымбат протез кию қажет. Қазақстанда жасалатын протездер маған жарамайды. Елбасының қолдауымен маған қажет протезді жасату үшін Мәскеуге барып, арнайы орталықта үш аптадай қаралдым. Сөйтіп, маған арнайы әзірленген протезбен елге оралдым», — дейді Мария. Сөз соңында Мария шарасыз күй кешіп жүрген жандарға өз кеңесін берді. «Қол қусырып отырмай, үлкен нәрсені армандау қажет, сосын сол арманды мақсатқа айналдыру керек. Сол арман мен мақсаттың арасындағы табалдырықты аттап өткенде ғана өз жолыңды табасың, өмірге не үшін келгеніңді түсінесің. Аяқ-қолыңыз сал болса да, жан дүниеңіз сау болсын. Адамның мүмкіндіктері шексіз екенін, барлығы өзімізге байланысты екенін жадыңыздан шығармаңыз», — деп сөзін қорытындылады ол.