Конституциялық реформа: Азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту

0

Референдумды қолдау жөніндегі
облыстық штаб төрағасы, Түркістан
облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиев

Түркістан облыстық Қоғамдық штаб төрағасы ретінде менің алдыма Ата Заңымызға енгізілгелі отырған нормалар пакеті бойынша бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарияланымдар топтамасын жүйелі түрде халықтың назарына ұсыну міндеті қойылып отыр.
Осыған байланысты бүгінгі басылымда Конституцияға енгізілетін азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту туралы нормаға қатысты ақпарат беруді жөн санап отырмын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді»,- деп атап өтті.

Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесіне егемендік алған алғашқы жылдардан-ақ ерекше назар аударылып келеді. Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияға енгізгелі отырған өзгерістер мен толықтырулар осының айғағы.

Өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Әлемдік тәжірибеде Конституциялық Соттар кеңінен дамыған, ел дамуында өзінің оң әсерін көрсетіп келе жатқан институттардың бірі. Конституциялық Соттың басты міндеті – Конституциялық бақылау болып табылады. Бірқатар озық елдердің тәжірибесі бойынша елімізде қайта құрылғалы отырған Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақтан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады. Бұл орган қазақстандықтардың Конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.

Конституциялық Сот 11 судьядан тұратын болады (қазіргі Конституциялық Кеңестің 7 мүшесі бар). Конституциялық Соттың құрамы мынадай тәсілмен жасақталады: 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы 3 судьядан), 4 судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық Соттың төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды.

Жалпы, қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құру арқылы конституциялық бақылау жасау институты жаңғыртылады. Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі. Бұл бастама Қазақстанда өлім жазасын қолдану саласын кезең-кезеңімен қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нүктесі болып табылады. Елімізде өлім жазасы ешқандай дау-дамайсыз жойылғаны белгілі. Ол туралы заң да қабылданды, сөйтіп, Қазақстан өлім жазасына заң түрінде тыйым салынған елдер қатарына қосылды.

ҚР Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында ҚР Конституциясы мен халықаралық актілері демократиялық қоғамның негізгі құндылығы ретінде өмір сүру құқығын таниды, оның үстем мәртебесін айқындайды және қандай да бір айырмашылықтарсыз барлық адам үшін осы құқыққа кепілдік беру жөніндегі мемлекеттің міндеттемелерін белгілейді. Республика Конституциясына сәйкес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Халықаралық құқықта өлім жазасын жою үрдісі айқын көрсетілген. Бұл шын мәнінде адамның өмірі мен құқықтары демократиялық мемлекеттерде ерекше құнды болып табылатындығының көрсеткіші.

Бүгінде Қазақстанда азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау, заң үстемділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар іске асырылуда. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек…», «Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті», — деп айтып өткен болатын.

Бәрімізге мәлім, прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратын, сот мүддесін білдіретін және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын орган болып табылады. Ендігі мақсат — аталған органның пәрменділігін көтеру.

Прокуратура туралы Конституциялық заң прокуратура органдарының құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін қамтитын болады. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтуге тиіс.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңға конституциялық мәртебе, сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдіктер беріледі. Оның ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына кел¬тіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқық¬тары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.

Осылайша Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет береді. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады.

Адам құқығы – Конституцияның басты принципіне айналған. Мемлекет аумағындағы кез-келген адам мемлекет тарапынан қорғауға алынады, ал оның құқықтары мен бостандықтары мемлекетпен кепілдендіріледі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының «Адам және азамат» деп аталатын ІІ бөліміндегі 24-бабының 1-тармағы: «Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi» деген редакцияда болса, енді мынадай жаңа редакцияда жазу ұсынылып отыр: «1. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.». Яғни, байқағанымыздай еріксіз еңбекке қандай жағдайларда жол берілетіні туралы норма өзгеріп, «Сот үкімі бойынша» енді «кінәлі деп тану туралы сот актісі негізінде» деп айтылатын болады. Жалпы, бұл нормаға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған адамның материалдық мүмкіндіктері ескеріле отырып, оған айыппұл төлеу, мәжбүрлі жұмысқа жіберу немесе жаза ретінде бас бостандығын шектеу шаралары қолданылады.

Қолданыстағы Конституцияның алғашқы бабында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни елімізде адам бірінші орында. Өзге мемлекеттер де Қазақстанды адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп таниды. Сондықтан да Конституциямызға енгізуге ұсынылып отырған азаматтардың құқығын қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңымыздың салмағын арттырары сөзсіз. Себебі адам құқығы қашанда ең биік құндылық болып қала береді.



ПІКІР ЖАЗУ