Арпаөзен таңбалы тастарына экспедиция

0

ҚР Рәміздерінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен тарихшы ғалымдар мен археологтардан құралған экспедиция Созақ ауданы, Арпаөзен бойындағы таңбалы тастар тарихымен танысуға сапарға шықты.

Экспедиция құрамында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, тарих ғылымдарының докторы, РК ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев, қазақстандық суретші-реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қырым Алтынбеков, қазақстандық кинорежиссер, Канн фестивалінің лауреаты Сергей Дворцевой, жергілікті археологтар мен тарихшылар, журналистер бар.

Таңбалы тастардың шығу тарихы мен оның тәуелсіз Қазақстан рәміздерімен байланысын атап өткен С.Қалқаманов шараның ашылуында сөз сөйлеп: «Рәміздер тарихы ежелден басталады. Ол көне заман, түркілер дәуірі, хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен тығыз байланысты. Мемлекеттік рәміздер – мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы. Бүгінгі Арпаөзен таңбалы тастарына жасаған экспедиция мақсаты – осы ежелгі заманнан келе жатқан символиканың XXI ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанның рәміздерімен тығыз байланысын насихаттау», деп атап өтті.

Петроглифтерді зерттеп жүрген ғалым Бауыржан Байтанаев Арпаөзендегі таңбалы тастарды кеңінен насихаттау үшін туризм кластерін дамыту керектігін айтты.

– Киелі Созақ жерінде орналасқан Арпаөзен таңбалы тастары немесе Арпаөзен петроглифтері – қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер. Біз осы тарихи жәдігерді кейінгі ұрпаққа жеткізуде вандалдардан қорғауымыз керек. Ол үшін бұл жерде туризмді дамытып, петроглифтерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу керек, – деді.

Қола дәуірінен бері сақталған құнды ескерткіш – «Арпаөзен таңбалы тастары» Созақ ауданы, Абай қыстағының оңтүстік-батысында, Қаратаудың Келіншектау деген жотасынан бастау алатын кішірек Арпаөзен бойында орналасқан. Оны Қазақстан ғылым академиясының археологогия экспедициясы зерттеген.



ПІКІР ЖАЗУ