Дәурен Абаев спорт төрешілерінің еңбекақысын көтеру туралы айтты
Бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Қатысушылар өңірдегі мәдениет нысандарын қайта құру, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға қатысты сұрақтар қойды.Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов модераторлық етті.
– Біздің бүгінгі кездесуіміз – демократияландырудың, бүкіл мемлекеттік биліктің транспаренттілігін арттырудың және атқарушы органдардың жауапкершілігінің тағы бір дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықпен тұрақты кездесулер «Жаңа Қазақстан» жақсы белгісі болуы тиіс деп санаймын, – деді министр.Кездесу барысында Дәурен Абаев соңғы 3 жылда Түркістан облысының туризм саласына инвестиция көлемі 255,8 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.
– Қысқа мерзім ішінде облыста 40-тан астам жаңа қонақ үй мен 30-ға жуық мәдени нысан іске қосылып туристерге қызмет көрсетіп отыр. Олардың бірегейі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. Бұл нысан өңірдің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда. Жаңа 600 жұмыс орынымен қамтамасыз етіп, 208 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып отыр. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы сомасы 86,9 млрд. теңгені құрайтын 35 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, – деді министр.
Министр сонымен бірге Түркістан облысында 685 мәдениет мекемесі жұмыс істейтінін хабарлады. Осы жылы өңірде 3 нысанның құрылысы және 14 мәдениет нысанының жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мемлекеттік тілде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін кітапхана қорын ұлғайту жоспарланған.
Дәурен Абаев басым міндеттердің бірі – бұқаралық спортты дамыту екенін атап өтті. Осы мақсатта Түркістан облысында 5 жаңа нысан салу және 1 спорт нысанын қайта жаңарту көзделген. Сонымен қатар министрлік жұмысының маңызды бағыты – спорт төрешілерінің еңбекақысын арттыру.
– Біз спорт төрешілерінің еңбекақысын көтеруге бастамашы болдық. Үлкен жұмыс атқарылды. Бұл көптеген төрешілер үшін қосымша мотивация болады және мамандықтың беделін арттыруға, жаңа мамандардың келуіне ықпал етеді.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі