Қытай ішкі тұтынуды ынталандыру шараларын қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасы Сауда министрінің орынбасары Шэн Цюпиннің мәлімдеуінше, Қытай биыл тұтынуды арттыру үшін көлік құралдары мен тұрмыстық техниканы сатып алуды ынталандыру сияқты бірқатар шараларды енгізеді.
«Автомобильдер, тұрмыстық техника және үйге арналған жиһаз — дәстүрлі тұтыну заттары және адамдардың өмірімен тығыз байланысты», — деді Шэн Цюпин.
Оның айтуынша, Қытай билігі биыл халық арасында сұраныстың жоғары болуына және оларды ауыстыру әлеуетіне байланысты ескі көліктерді жаңасына айырбастау механизмін ілгерілету жұмыстарын жүргізетін болады.
2023 жылы Қытайда жаңа көліктердің сатылымы алғаш рет 30 млн бірліктен асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Елде ескі көліктер саудасының көлемі 18,41 млн бірлікке жетіп, өсім 15 %-ды құраған.
Вице-министрдің айтуынша, Қытайда көлік иелерінің саны 340 млн-ға жеткен. Ел бұл көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында тұр.
Қытай сонымен қатар ішкі сұранысты ынталандыру шаралары аясында ескі тұрмыстық техниканы жаңасына ауыстыруда. Мысалы, тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар және кондиционерлер сияқты тұрмыстық техниканың негізгі санаттарының саны 3 млрд бірліктен асады. Министрліктің мәліметінше, кейбір тұрмыстық заттар 10-20 жылдан астам қолданыста болған.
Бұдан басқа, Қытай билігі тұтыну әлеуетін ашу үшін трансшекаралық электрондық коммерция, жаңа энергетикалық көлік құралдары (NEVs) және China-chic сияқты тұтынудың жаңа түрлерін ынталандыруға ниетті.
Бұған дейін ҚХР Сауда министрлігі 2024 жылды «Тұтынуды ынталандыру жылы» деп жариялауды ұсынған болатын.