Түркістан: Келесте «лудомания – қоғам дерті» атты облыстық форум өтті
Келес ауданында «Лудомания – қоғам дерті» атты облыстық форум өткізілді. Аталған шараға Түркістан облысының аудан, қалаларынан 400-ге жуық жастар қатысты. Форумға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаев сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырды.
Түркістан облысында алғаш ұйымдастырылған форумға көпшілікке «Жайдарман», «Азартник» сериалдары арқылы танылған Нұрсұлтан Мейірбек, Ғани Беркінбаев, Бағлан Шеріпбаев және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қатысып, психоәлеуметтік мәселелер салдарынан туындайтын ойынға құмарлықтың статистикалық көрсеткіші бойынша нақты деректер келтіре отырып баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Еркін форматта өткен форумда қатысушылар қонақтарға сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.
Форум аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ойынқұмарлық алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында эстафеталық сайыс өтті.
Жарысқа облысымыздың аудан, қалаларынан 11 команда қатысып, спорттың қол күрес, жүгіру, белтемірге (турникке) тартылу, арқан тартыс бойынша сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Сарыағаш жастары иеленсе, 2-орынға Төлеби жастары ие болды. Ал 3-орынды қазығұрттық жастар алды.